Келешекте жұмысшы мамандарға қажеттілік тек арта береді — министр
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта береді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Министрдің айтуынша, барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысынан астамының (52%) кәсіптік немесе техникалық білімі бар.
2,3 миллионға жуық адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді.
— Мамандарға деген жоғары сұраныс көптеген бос жұмыс орындарымен байланысты, өткен жылы 270 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие. Біздің болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді, — деді С. Жақыпова Үкімет отырысындағы баяндамасында.
Алдағы 6 жылда кадрларға жалпы сұраныс 1,6 млн адам деп бағаланады, оның ішінде жартысынан астамы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлері, олардың 400 мыңға жуығы — жұмысшы мамандықтарға сұраныс болмақ.
Кадрларды даярлауды, оның ішінде жұмысшы мамандықтарды анағұрлым тиімді жоспарлау үшін жобалардың Инновациялық навигаторы әзірленген. Бүгінде платформада 755 инвестициялық жоба қамтылып, 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
— Кадрлардың дайындық сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы мамандықтар бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт жаңартылды. Олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы жаңартылды. Еуропа стандартын (ESCO) қолданылуымен 12 мыңнан астам дағдыны қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды. Биыл тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады, — деді С. Жақыпова.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында «Жұмысшы мамандықтар» жылында кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі қалай реформаланатынын айтты.