Келесі жылдан бастап Астанада толық абаттандырылмаған көше пайдалануға қабылданбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімінің ескертуінен кейін келесі жылдан бастап қаланың бір де бір көшесі толық абаттандырылмайынша пайдалануға қабылданбайтын болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен әкімдікте өткен апталық аппарат жиналысының кезекті отырысында қала тіршілігіне қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Апталық жиында бірінші болып қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун  тұрғын үйдің үлескерлік құрылысы туралы баяндама жасады.

«Қазіргі күні үлескерлердің таңдауының нәтижесінде «Абат» проблемалы нысанының құрылысшысы анықталды. МСҚБ мен Астана қаласының ІІД анықтаған бұзушылықтар негізінде пәтерлерді өткізу фактісі бойынша 43 қылмыстық іс қозғалды. Құрылыс компанияларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Магистральный 3» ТК бұрынғы басшысының қамауға алынуына байланысты ЭКСПО аумағындағы «Роял ЭКСПО» ТК бақылауға алынды. Бүгін үлескерлік құрылыс мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтеді», - деді Сергей Хорошун өз сөзінде.

Екінші болып Төтенше жағдайлар департаментінің директоры Барат Дүзақбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, департамент мамандары өткен аптада  85 шақыртуға қызмет көрсетіп, 9 адамның өмірін құтқарып қалған.

Жиында қаралған үшінші мәселе - қала тұрғындарын тұмауға қарсы егу науқаны мен қоғамдық денсаулық сақтаудың басқа да шаралары.

Айта кету керек, елорда әкімінің ескертуінен кейін келесі жылдан бастап қаланың бір де бір көшесі толық абаттандырылмастан пайдалануға қабылданбайтын болады.

Бұған қоса, аппарат отырысында Сарыарқа, Алматы және Есіл ауданының әкімдері өз аумақтарындағы абаттандыру және санитарлық жағдайы туралы баяндама жасады.

Астана әкімі ерекше тоқталып өткен мәселелердің бірі - қаланы көгалдандыру тұжырымдамасы. Әсет Исекешевтің айтуынша шаһарды көгалдандыруға жыл сайын қала қазынасынан 7 млрд теңге бөлінеді.

«Мен көгалдандыруға бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеп, ұқыпты жұмсау қажеттігін бірнеше рет айттым. Осы уақытқа дейін қала әкімінің орынбасары мен Табиғи ресурстар басқармасынан тиісті ұсыныстар әлі түскен жоқ. Жыл сайын біз аталған салаға көп мөлшерде - шамамен 7 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсаймыз. Қаржының қомақты көлемде бөлінетіндігіне қарамастан көгалдандырудың жалпықалалық саясатын қалыптастыратын жауапты орган жоқ», - деген Әсет Исекешев, көгалдандырумен айналысатын мекемелердің жұмысын сынға алды.

Оның пайымынша абаттандыру мәселесіне келгенде, заманауи тәсілдерді белсенді қолданысқа енгізу қажет. Ең бастысы жасыл көшеттер   жыл он екі ай бойы және тек сол жағалауды ғана емес, қаланың барлық аумағын безендіруі тиіс.