Келесі жылы елде өтетін Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына сайлаушылардың 67,2 пайызы қатысады деп күтілуде

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2012 жылдың 15 қаңтарына өткізу жоспарланып отырған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына сайлаушылардың 67,2 пайызы қатысады.

Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты өкілдерінің сауалнама нәтижелері осындай. Сауалнама жұмыстарының қорытындысымен бүгін журналистермен болған брифингіде Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова таныстырды.

Оның айтуынша, зерттеу 6-16 желтоқсан аралығында Қазақстанның барлық облыстарындағы жасы 18-ден асқан азаматтар арасында жүргізілген. Сауалнамаға 2 мың адам қатысқан. «Олардың 67,2 пайызы өздеріне қойылған «Мәжіліс депутаттарының сайлауында дауыс бересіз бе?», - деген сауалға «иә» деп жауап берді. Ал осы сайлауда «Сіз қандай партияға дауыс бересіз?» деген сауал бойынша респонденттердің 80,5 пайызы - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына, 7,0 пайызы - «Ақ жол» демократиялық партиясына, 2,4 пайызы - жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына, 2,0 Қазақстанның коммунистік халық партиясына, 1,1 - «Әділет» демократиялық партиясына, 0,6 пайызы - Қазақстанның патриоттар партиясына, 0,4 пайызы - Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясына, 0,1 пайызы - «Руханият» партиясына дауыс беретіндіктерін айтты. Ал респонденттердің 5,9 пайызы кімге дауыс беретіндіктерін әлі шешпеген», - деді институт директоры.