Келесі жылы еліміздің метрология қызметі 90 жылдығын атап өтеді

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Келесі жылы еліміздің метрология қызметі 90 жылдығын атап өтеді.

Бұл туралы бүгін Бүкіләлемдік метрология күніне арналған конференция барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов  мәлім етті.

Қазақстанның метрологиялық қызметі келесі жылы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтетіндігін, оған дайындық жұмыстар қазірден-ақ басталғандығын атап өткен ол: «Өлшем нәтижелерінің сенімділігіне көлік және жол қозғалысының, жұмыс орындарының және өндірістік жабдықтың қауіпсіздігі, біз алатын емнің және медициналық дәрі-дәрмектердің, тұтынан өнімдердің қауіпсіздігі, сенімділігі тәуелді. Сондықтан да метрологияның біздің өміріміздегі рөлін бағалау өте қиын», - деді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының мемлекеттік эталондық базасы 101 эталон бірлігінен және эталондық жабдықтан тұрады. Эталондық базаны дамыту аясында және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-иннвациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 30 эталон мен талондық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.