Келесі жылы елордада 1 мың 200 орындық жаңа опера және балет театрын салу жоспарлануда

None
АСТАНА. Желтоқсанның 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Келесі жылы елордада заман талабына сай, жаңа опера және балет театрын салу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыкалық драма театры да К. Байсейітова атындағы опера және балет театры да бір кездері теміржолшылардың мәдениет үйі болған көне ғимаратта отыр. Бір қуантатын жайт бар. Жақында ғана «Қазақстан» Орталық киноконцерт залы ашылған кезде Мемлекет басшысының назарына елордада  жаңадан салынатын опера және балет театрының бірнеше жобалары ұсынылды. Соған сәйкес, келесі жылдың көктемінен бастап Астана қаласында  жаңадан, заман талабына сай 1 мың 200 орындық опера және балет театрын салу жөнінде тапсырма берілді. Оның мерзімі де анықталды. Осы театр салынатын болса, бүгінгі К. Байсейітова атындағы опера және балет театры сонда көшеді. Ал Қ. Қуанышбаев атындағы театрды сол босаған опера театры ғимаратына орналастырсақ та болады. Бірақ, бұл алдағы күнгі жоспарлар», деді М. Құл-Мұхаммед.

Сонымен бірге, министр аталған жоспар іске асқан жағдайда Қ. Қуанышбаев атындағы театрға республикалық мәртебе беріп, оны министрліктің қарамағына алуды қолдайтындығын жеткізді.