Келесі жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауымен, Үкімет қаулысымен басып шығарылады

АНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Келесі жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауымен, ең бастысы Үкімет қаулысымен басып шығарылады.

Бұл туралы бүгін Үкіметте Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтіп жатқан Тілдірді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілістің отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

Осы уақытқа дейін орта мектепті бітірген балалардың шығармаларын бағалауда келеңсіздіктерге ұшырап отырғанымызды айтқан министрдің сөзіне қарағанда, әлі күнге дейін Ресей не болмаса Россия деп жазу нақты анықталмаған.

Министрдің айтуынша, бұған дейін жарық көрген орфографиялық сөздіктерді әркім әртүрлі шығарған. Оны біреулер мойындаса, келесілер мойындамайды.

«Егер ол Үкімет қаулысымен қабылданатын болса, онда барлық орта мектептер, ЖОО-лар үшін нормативтік құжат дәрежесінде болады. Сондықтан осы бағдарламаның аясында келесі жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігін шығаруды аяқтайтын боламыз», - деді министр.

Сондай-ақ министрдің атап өтуінше, келесі жылы осы бағдарлама аясында 30 томдық қазақ тілінің салалық терминологиялық сөздігі жарық көрмек.

«Ол да Үкімет қаулысымен бекітілетін болады», - деп нақтылай түсті министр.