Келесі жылы Қазақстанда чектермен бірге лотерея беріле бастайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы Қазақстанда чектермен бірге лотерея беріле бастайды. Осылайша дүкеннен тауар сатып алған әрбір тұтынушы автоматты түрде лотерея ойыншысына айнала алады. Бұл туралы бүгін Астанада инвестициялық Омбудсмен қызметіне арналған дөңгелек үстелде Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

Оның айтуынша, мұндай жүйе көптеген дамыған елдерде бар және ол адамдардың қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға, сонымен қатар сатушыдан чек талап етуге ынталандырады.

«Жақында Қазақстанда pos-терминалдар арқылы есеп айырысу жүйесі енгізіледі. Бір жылдан соң, чектерге қоса лотерея бере бастайтын шығармыз. Қазіргі уақытта малаизиялық тараппен келіссөздер жүруде, кассалық чектер мен лотереяны ықпалдастырудың жолдарын іздеп жатырмыз. Әрбір тұтынушы чектер алған сайын автоматты түрде лотерея ойыншысы атанады», - деп атап өтті төраға.

Дәулет Ерғожиннің атап көрсеткеніндей, қазіргі уақытта лотереялар қолға берілуде.

«Жыл соңында көлік пен құнды заттар ойнатылады. Осы жаппай шараға қатысуға шақырамыз. Ең басты мақсат - қолма-қол ақшадан максималды алыстау. Біз осы тұрғыда Оңтүстік Кореядағы әріптестеріміздің тәжірибесін аламыз. Ол жақта транзакциялық операциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жасалады. Біз де есеп айырысудың жаңа түрлеріне ауыса беруіміз керек, банк карточкаларынан арылып, болашақта NFС теxнологияларына (смартфон арқылы есеп айырысу) көшуіміз қажет», - деп түйді сөзін комитет басшысы.