Министр мəлім еткендей, 2017 жылдан бастап мал шаруашылығында өнімнің литріне, келісіне, əр жұмыртқаға беріліп жатқан субсидиялар да өзгеріп, орнына техника мен несие пайыздарын қолдайтын субсидиялар пайда болады. Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз болып отырған соң, министрлік осы қадамға баруға мəжбүр болып отыр. "Австралияның Кернс деген қаласында 1986 жылы 19 ел топтасқан одақ құрылған. Сол елдердің тəжірибесін зерттей келе, көзіміз жеткені, олар өзіндік құнын бұрмаламайтын субсидияларды азайтып, керісінше, жалпы сипаттағы субсидияларды, инфрақұрылымды қолдайтын субсидияларды, несиелердің пайызын азайтатын инвестициялық субсидияларды, ғылым мен консультацияларды көбейтудің арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Осы топтың ішінде Австралия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Бразилия сияқты ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге жеткен елдер бар. Біз ішкі жағдайымызды зерттейтін болсақ, берілетін субсидиялардың көбі ешқандай ынталандыру мақсатын көздемейтінін жəне субсидия күнделікті қаражатқа кетіп қалатынын көріп отырмыз. Бұл жағдай біздің ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың жетіспеушілігіне, технологиялардың мүлде қолданылмауына əкеп соқты. Өйткені, техника алайын десе, қарапайым шаруалардың қаражаты жоқ, банкке немесе лизингтік компанияға беретін кепілдігі жоқ. Егер, алатын болса, үстемдік пайызы өте жоғары болады. Сондықтан да, біз өңірлермен, бизнес өкілдерімен ақылдаса келе, əр гектар үшін берілетін өсімдік шаруашылығындағы субсидиялады келесі жылдан бастап жоққа шығарып, оның орнына инвестициялық субсидиялар мен ғылым бағытындағы субсидия бөлу туралы шешім қабылдадық",- деді А.Мамытбеков. Бұл ретте, ведомство басшысы хабарлағандай, тыңайтқыш, тұқым сатып алуға берілетін субсидиялар қалады. "Ал 2017 жылдан бастап мал шаруашылығында литріне, келісіне, əр жұмыртқаға беріліп жатқан субсидияларды да өзгертіп, керісінше, техника сатып алуға берілетін субсидияларға бет бұрамыз. Осындай қолдау шараларын Үкіметке ұсындық, кеше қолдау таптық. Енді келесі жылдың бюджетіне тиісті өзгерістер енгіземіз", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.
13:21, 07 Қазан 2015
Келесі жылы Қазақстанда əр гектар үшін берілетін субсидия жойылады - А.Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылдан бастап əр гектар үшін берілетін өсімдік шаруашылығындағы субсидиялар жойылады, есесіне, инвестициялық субсидиялар мен ғылым бағытындағы субсидиялар бөліне бастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мəлім етті.