12:56, 29 Қазан 2013
Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған 8 заң жобасы әзірленеді - Әділет министрі
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған 8 заң жобасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспары туралы» баяндама жасаған ҚР Әділет министрі Берік Имашев мәлім етті.
«Жоспар жобасында 37 заң жобасын әзірлеу көзделген, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз»,- деді ол. Министрдің атап өтуінше, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 10 заң жобасын, Әділет, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктері бес-бестен заң жобасын, Өңірлік даму министрлігі 4 заң жобасын, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Қаржы министрліктері екі-екіден, Қорғаныс, Білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу агенттігі 1 заң жобасын әзірлейтін болады. «Сонымен қатар, Жоспар жобасына енгізілген 8 заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанын атап көрсетемін. Бұл «жасыл экономикаға» көшу, білім және ғылым, қымбат металдар айналымын реттеу, әлеуметтік сала, халықаралық көмек мәселелері бойынша заң жобалары», - деді Б.Имашев.