Дәурен Жақсыбайұлы - Шардара ауданының тумасы. Кейін Келес ауданына қоныс аударған.
Жастайынан спортқа қызығып өскен ол күреспен айналысты. «Болашақта балуан атанамын» деген асқақ арманы болатын.
Дегенмен 2000 жылы болған оқиға өмірін күрт өзгертті. Есік алдында тұрған асау аттан құлап, албырт жастықпен жазым басты.
«Сол қолымды сындырып алдым. 22 күн ес-түссіз комада жаттым. Қаншама сынықшыға бардық. Ауруханаларды араладық. Екі жылда бірнеше ота жасалды. Бірақ нәтиже жоқ. Қол қисық бітті. Кейін дәрігерлер қолдағы сүйектің жартысын алып тастады» - дейді ол.
Тағдырдың сынағы өрімдей жасты қатты күйзелтті. Болашағын ойлаудан қорыққан кездері де болды. Күйзеліс көпке созылды.
Дегенмен, ер жігіттің қолы сынғанмен, рухы сынбады. «Чемпион боламын» деген бала күнгі арманына қол жеткізу үшін жеңіл атлетика бойынша жаттығу жасай бастады.
«Параспортқа 2005 жылы келдім. Қазір спортта жүргеніме 17 жыл болды. Осы аралықта 2 дүркін ел чемпионы атандым. Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері болдым. 2011 жылы елімізде өткен қысқы Азия ойындарының алауын ұстау бақыты бұйырды. 2012 жылдан бастап шетелге шыға бастадым. Біріккен Араб Әмірліктерінде, Францияда, Кореяда өткен жарыстардан жүлделі орындарды иелендім» - дейді ол.
Дәурен Жақсыбайұлы 2000 шақырымға жүгіру, ұзындыққа секіру найза лақтыру секілді жарыстардан алдына жан салмайды.
Оңтүстік Корея, Франция, Голландия сынды мемлекеттерде мүгедектер арасында жеңіл атлетикадан өткен Әлем біріншіліктерінде бақ сынаған.
Ал, БАƏ-нің Дубай қаласында өткен турнирде ұзындыққа секіруден қола медаль иеленген.
Кейінгі паралимпиадада қолдан жасалған кедергілерден жарысқа конкурстан тыс қатысыпты.
Жинаған ұпайын есепке алмаған соң іштей ренжіп, біршама уақыт спорттан қол үзген.
«Биылғы жарысқа қатыссам деген жоспарым бар. Себебі мықтылығымды дәлелдеуім керек. Қазір жаттығу жасап, үзбей дайындалып жатырмын», - дейді ол.
Бүгінгі күні Дәурен Нарыбеков «Сауран» спорт клубында нұсқаушы әрі спортшы қызметін атқарады.
30-дан астам жас спортшының жұлдызын жағу жолында еңбек етіп жүр. Бос уақытында диқаншылықпен айналысады. Жұбайымен екі ұл, екі қыз өсіріп отыр.