Келесте пошта қызметкері клиент шотындағы қомақты ақшаны жұмсап жіберген

КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Келес ауданында пошта қызметкері біреудің қомақты ақшасын заңсыз алып, жаратып жіберген. Оның қылмысы жергілікті тұрғынның полицияға арыздануынан кейін әшкере болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленуші пошта бөлімшесіндегі есепшотынан 200 мың теңгеге жуық ақшасын белгісіз біреу шешіп алғанын көрсеткен. Осы істің мән-жайын анықтау үшін тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, қылмысқа қатысты күдікті анықталды. Ол поштада жұмыс істейтін бойжеткен болып шықты.

«Тергеу барысында күдікті жергілікті тұрғынның ақшасын өзі қол қойып, алғаны анықталды. Ол өзінің қызметін пайдалана отырып, қылмыс жасаған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК 189 және 385-бабы бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр» делінген хабарламада.

Қылмыстық іс бойынша жиналған іс-құжаттар аудандық сотқа жолданған.