Келестіктер Наурыз думанды кең жайлауда атап өтті

Фото: Фото: Келес ауданының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі жалғасуда. Келес ауданына қарасты Қоңыртөбе елді мекенінде орналасқан кең жайлауда өткен мерекелік шараны 10 мыңнан аса адам тамашалады.

Жазық жайлауда 20-дан астам киіз үй тігіліп, алтыбақандар мен ұлттық ойындарға арналған алаңшалар ашылды. Салт-дәстүрлер дәріптеліп, түрлі ұлт өкілдерінің әндері шырқалды. Жұртшылық қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін тамашалады. Шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.

Фото: Келес ауданының әкімдігі

Мерекелік жиын аудандық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, түрлі сахналық қойылымдар көрсетілді. Сондай-ақ, тұсау кесер, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, арқан тарту сынды қазақтың ұлттық ойындары дәріптеліп, көпшілікке көтеріңікі көңіл күй сыйланды. Кең дала төсінде ұйымдастырылған шарада елімізге танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.