Келімбетов «Астана» ХҚО-ның бес стратегиялық бағытын атады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты депутаттарының «Астана» ХҚО-ның жұмысымен танысуы барысында Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағытын атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «Астана» ХҚО-сын аймақтағы басты қаржылық орталық ретінде көрсете білу үшін бес стратегиялық бағытты жүзеге асыру керек.

«Біздің стратегиялық дамудың негізгі бес бағытын, яғни бес басымдықты атап өтейін. Бұл әлемдік қаржы саласында дәстүрлі болғанымен, қаржылық индустрия Қазақстанда аса дамымаған сала. Алдымен - «Капитал нарығы». Оның әдеттегі атауы - Қор нарығы. Демек, Қазақстанда және аймақта қор нарығы дамымағандықтан, «Астана» ХҚО осы саланы өркендетуді мақсат тұтады», - дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы.

Қайрат Келімбетов бұдан кейінгі екі бағыт - «Активтерді басқару» мен «Private Banking» стратегиялық бағыттары екенін атап өтті.

 

«Олар арқылы шетелдік мамандарды, компанияларды тарта отырып, Қазақстанда қаржы индустриясын дамытуды көздейміз. Ірі бағыттардың тағы бірі - «Ислам қаржыландыруы» болмақ. Жалпы, Қазақстан Ислам қаржыландыруының пионері саналады. Заңнамаға енгізілген өзгерістердің арқасында Қазақстан Ислам қаржыландыруы саласында өте үлкен қадам жасап үлгерді. Сонымен қатар, бағыттардың соңы ретінде «Жаңа қаржылық технологияларды» басымдық ретінде белгілеуге ешкімнің таласы жоқ деген ойдамыз», - деп түйді Қайрат Келімбетов.

 

Айта кетсек, бүгін Парламент Сенатының Қаржы және бюджет, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеттері «Астана» халықаралық қаржы орталығында көшпелі отырыс өткізді. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечина экономикалық инновациялық дамуда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда және Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу жолында «Астана» халықаралық қаржы орталығына ерекше міндет жүктеліп отырғанын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар