Келімбетов британдық сот тарихындағы айтулы тұлға лорд Вульфпен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов Ұлыбритания Жоғарғы Сотының экс-төрағасы, британдық заң тарихындағы айтулы тұлға лорд Гарри Кеннет Вульфпен кездесті, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.

Кездесу барысында тараптар ағылшын сот ісі бойынша жұмыс істейтін АХҚО Соты мен Халықаралық Арбитраждық орталығының құрылуы мен дамуы бойынша мəселелерді қарастырды.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, қазір АХҚО 2018 жылы қаңтар айында ашылатын Сот пен Арбитраждық орталыққа қатысты қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Біз жаңадан құрылатын құрылымдардың кадрларын дайындауға мықтап көңіл бөліп отырмыз. «Болашақ» Президенттік бағдарламасы бойынша Лондонға англо-саксон құқықтық жүйесін зерттеу бойынша тəжірибеден өтуге квоталар бөлінді», - деді Қ.Келімбетов.

Лорд Гарри Кеннет Вульф АХҚО-да енгізілетін ағылшын құқығы қазіргі белді қаржы орталықтарында жұмыс істейтінін, бұл іс-шараның Қазақстанға, бизнес жүргізудегі ең жоғарғы халықаралық талаптарға жауап беретін ел ретіндегі сенімнің артуына ықпал ететінін айтты.

Лорд Вульф Катар қаржы орталығы азаматтық және коммерциялық соттарының Президенті, Гонконгтегі соңғы инстанциядағы Аппеляциялық Сотының судьясы болып қызмет атқарған.

Лорд Вульфтің Астана қаласына жасаған сапары барысында ҚР Əділет министрі, Жоғарғы Сот Төрағасы, Бас Прокурормен кездесіп, Сот пен Арбитраждық Орталық бойынша өзара ынтымақтастық мəселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр.