Келіншегін көлікке ұрып отырғызған шымкенттіктің әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Келіншегін көлікке ұрып отырғызған шымкенттіктің әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде түнгі 01:53 шамасында белгісіз адамдар бойжеткінді көлікке ұрып отырғызып, алып кеткендігі туралы ақпарат тарады. Тіпті, бұл көрініс видеоғада түсіп қалған. Онда қыз баланың жылаған дауысы анық естіледі. Жазба авторы Айгүл Орынбек оқиғаның Шымкент қаласында орын алғандығын айтты.

Ал, полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал екендігін анықтаған.

«Оқиға бойынша ешқандай адам ұрлау фактісі 102 арнасына түспеген және ерлі-зайыптылар тарапынан арыз-шағымдар болмаған. Азаматтарға профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, отбасылық жанжал бойынша қорғау нұсқамасы шығарылды»,-делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


Фото: instagram.com/shymkent.city