Келісім тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібін реттейді

None
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл Келісімге Мәскеу қаласында 2008 жылы желтоқсанның 12-сінде өткен ЕурАзЭҚ-ның Мемлекетаралық Кеңесі отырысында Қазақстан, Беларус және Ресей елдері қол қойды.

Аталған Келісімнің 9-бабына сәйкес кедендік құн декларациясының нысандары мен оларды толтыру ережесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.

Кеден кодексінің 317-бабының 1-тармағына сәйкес кедендік құн декларациясын толтырудың нысаны мен тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Осы тәртіп Қазақстанның Кедендік бақылау агенттігі төрағасының 2003 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен бекітілген Кедендік құн декларациясының нысанын толтыру ережесінде регламенттеледі.

 «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» еліміздің заңына сәйкес Келісім кейіннен Кеден одағына қатысушы мемлекеттер үшін кедендік құн декларациясын толтырудың бірыңғай тәртібі мен бірыңғай нысанын белгілеуге бағытталған халықаралық-құқықтық актіні қабылдауды көздейтінін назарға ала отырып, Келісім ратификациялануға жатады.