Келісімшарт бойынша қызмет - лайықты таңдау - ҚР Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Астанадағы «Керуен» сауда орталығында әскери қызметке келісімшарт бойынша шақыруға арналған жылжымалы тіркеу пунктінің жұмысы ұйымдастырылды.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі Қарулы Күштерді офицерлік, сержанттық және қатардағы жауынгерлермен жасақтаудың жүйесін жетілдіру болып табылады. Бұл жұмысты жүргізуде Қарулы Күштерді келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауға толық көшуге негіз беретін саннан бұрын сапаға барынша мән берілетіні сөзсіз»,-делінген аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінде.

Үгіт тобының жұмысы үміткерлерді іріктеу және халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды көпдеңгейлі жүйеге құрылған. Осы уақытқа дейін еліміздің әр аймағында үгіт-насихат сипатындағы бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты әскери қызметке келісімшарт бойынша алу тәртібі туралы ақпараттандыру жұмыстары да ұдайы жүргізіліп келеді.