Келіні ұры болып шықты: түркістандық әйел өз үйінен 8,5 млн теңгенің алтынын қолды еткен
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында полиция қызметкерлері 8,5 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген пәтер ұрлығы дерегін дер кезінде анықтап, қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция мәліметінше, жергілікті тұрғын құқық қорғау органдарына арыздана отырып, өз үйінен алтын бұйымдары мен ақшасының ұрланғанын хабарлаған. Арыз түсе салысымен тәжірибелі жедел уәкілдерден арнайы топ құрылып, қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынған.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің келіні анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол биыл мамыр айынан бері үйден түрлі көлемдегі алтын әшекейлер мен қолма-қол ақшаны жасырын түрде алып отырған.
Жәбірленушіге келтірілген жалпы материалдық шығын 8 миллион 500 мың теңгені құрады. Күдікті ұрланған алтын бұйымдарды ломбардтарға өткізіп, түскен ақшаны құмар ойындарға жұмсағаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, барлық мән-жай анықталуда.
Айта кетейік, Жетісу облысында мал ұрлығына қатысы бар үш адам қамауға алынды.