Кемал Ататүрік ескерткіші үшін барша Қазақстан халқына алғысымызды айтамыз ? Түркия Елшілігінің өкілі

АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстан Үкіметі Астанада салынып жатқан Түркия Елшілігі ғимаратының алдына Кемал Ататүріктің ескерткішін орнату туралы шешім шығарды.

Біз үшін бұл аса қуанышты хабар болды. Сондықтан осы шешім үшін барша Қазақстан халқына алғысымызды айтамыз. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен кездеу барысында Қазақстандағы Түркия Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Аллатин Темюр осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгінде Түркия елі бауырлас Қазақстан мемлекетінде болып жатқан барлық саяси-экономикалық өзгерістерді жіті бақылап келеді. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты нәтижесінде қолға алынып жатқан игі іс-шаралар жоғары бағаға ие. Қазақстанның 50 дамыған елдің қатарына қосылу стратегиясы да үлкен маңызы бар құжат. Біз өз тарапымыздан нендей көмек бере аламыз және қандай үлес қоса аламыз деген мәселе төңірегінде тиісті жұмыстар атқарып келеміз. Елшілік осы іске барынша қолдау жасамақ. Ал ең бастысы, Қазақстан Үкіметі Кемал Ататүріктің ескерткішін Астанада салынып жатқан Түркия Елшілігі алдына орнату туралы шешім шығарды. Біз үшін бұл аса қуанышты хабар болды. Сондықтан біз осы шешім үшін барша Қазақстан халқына алғысымызды айтамыз», - деді А.Темюр.