Осы орайда бұдан бірнеше жыл бұрын Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігінің 20 жылдығы туралы декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы - еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты», деп жазылған еді.
Бұл даусыз шындық. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі төрткүл әлеммен теңесті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғыл жолын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралды. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды.
Бейбітшіліктен асқан құндылық жоқ. Ядролық қарусыз әлемге қарай қадам басқан жаһандық қозғалыстардың да бірден-бір бастауында Қазақстан Президенті есімі тұрғанын айдай әлем жақсы біледі.
Еліміз тәуелсіздіктің арқасында Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, қысқа уақытта көп биіктерді бағындырды. ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСІШК сияқты ұйымдардың белсенділігі артты, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық еттік. Дәстүрлі дін басшылары жыл сайын Қазақстанда бас қосып, оны пікір алмасу алаңына айналдырды. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері басшыларының Астананы Еуразияның жүрегі етіп, ЕАЭО туралы меморандумға қол қоюы тарихи оқиғаға айналды. Бұл істің басы-қасында Қазақстан Президентінің бастамашы болуы көп нәрсені аңғартады. Мұның өзі Елбасының ерлікке пара-пар істерінің нәтижесі болатын.
«Алдымен - экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа даму арнасына бет бұрғанын айғақтайды.
Елбасының биылғы жылдың 11 қарашадағы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жаһандық дағдарыс жағдайында қоғамдағы әлеуметтік сапалы ахуалдың сақталуын қамтамасыз етуге арналған шаралардың жүйелі жоспарын анықтап берді. Қазақстанның Жаңа экономикалық саясаты ұлттық экономикамыздың инфрақұрылымдық тірегін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Елбасы өзінің Жолдауында алда тұрған міндеттерге нақтылы картография жасап, қазақстандықтардың хал-ахуалын жақсартуға дамуы ықпал ететін 20 қаланы атап айтты. Бұл Жолдау - ШОБ-тың осы заманғы инфрақұрылымы негізіне сүйенген дамудың басты тетігі болатындығын дәлелдейді.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті қолдауға және несиелендіруге 100 млрд теңге бөлініп, ол толығымен игерілді. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында ШОБ-ты жеңілдікпен несиелендіру үшін қосымша 100 млрд теңге бөлуге тапсырма берді. Сонымен қатар, Елбасы жаңа экономикалық саясаттың тәжірибелік базасы болып отырған инфрақұрылымдарды дамыту жоспары 5 жылға есептеліп, индустриялық-инновациялық дамудың Екінші бесжылдығымен үйлесетінін атап өтті.
Қорыта айтқанда, Президент күні қарсаңында Тәуелсіз Қазақстанда жетістіктерін айтудың Жаңа экономикалық саясаттың арқасында ел еңсесі тік көтеріліп келеді. Басты мақсат - жаңарған Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу. Осы жолда Елбасы басшылығымен дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетке тек бірлік пен ынтымақ керек екендігі сөзсіз.