деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті «Сарыарқа» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының филиалымен және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызметімен бірлесіп ұйымдастырған биылғы жылғы бұл оқу-жаттығу жұмыстары желтоқсанның 9 - 14 аралығында кеме иелерінің қатысуымен өткізіліп жатыр. Оқу-жаттығу жұмыстарының негізгі мақсаты - кемелердің қысқы тұраққа дұрыс қойылғандығын, апаттық-құтқару және өртке қарсы құрал-жабдықтардың әзірлігін тексеру, қысқы тұраққа орналасқан кемелерде өрт сөндіру тактикасын пысықтау болып табылады.
Кемелерді пайдаланудың навигациялық кезеңі (наурыз - қараша аралығында) аяқталысымен су көлігі қысқы тұраққа сақталуға қойылуы тиіс. Кемелердің ара қашықтығының сақталуы, кемелер мен өртке қарсы қолданатын құдықтарға бару жолдарының бөгелмеуі - кемелерді қысқы тұраққа қою кезіндегі негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Оқу-жаттығу барысында кемелерде жалған өрт шығарылып, өртті сөндіру және құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жедел іс-қимылдар пысықталды.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті флоттағы апаттың алдын алу мақсатында су көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған осы секілді профилактикалық іс-шараларды жыл сайын өткізіп келеді.