Кендірлі курорттық қаласының бас жоспары әзірленіп, әуежайдың орны белгіленді

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда Жаңаөзен қаласынан 65 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауында «Кендірлі» курорттық қаласы салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 40 мың адамға арналған жаңа шаһардың бас жоспары әзірленді.

Бүгінде «Кендірлі» жағалауында жиырмаға жуық демалыс орны жұмыс істейді. Бас жоспарға сәйкес, олардың қатарын 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер, шипажайлар мен сауықтыру лагерьлері толықтырады. Бірнеше айлақ салынып, аквапарктер ашылады. Балық шаруашылықтары дамымақ. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі спорттық стадион, мәдени кешендер, тұрғын үйлер салынады. Курорттық қала 4 мың гектар аумақта орналасады. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Кендірлі» теңіз жағасында салынатын барлық инвестициялық және өзге де жобалардың құнын анықтау үшін биыл туристік аймақтың егжей-тегжейлі жоспары дайындалып жатыр. Бізге берілген тапсырма 2025-жылдың бірінші тоқсанына дейін аяқтау болатын. Бірақ, біз оны келесі жыл емес, биыл жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.

Президент Жолдауда Кендірлі курорттық аймағын дамытуды жеделдетуді және әуежай салуды тапсырған болатын. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Бүгінде әуежайдың орны белгіленді. Ол қаладан 14 шақырым жерде орналасатын болады. Құзырлы органдар жобаның техникалық шарттарын талқылап жатырй, - дейді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.

Сондай-ақ Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан тас жолы қайта құрылымдалып, жаңартылатын болды. Жаңадан бой көтеретін Кендірлі қаласын және Жаңаөзен қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінің Тоқмақ мүйісінде тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. 

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Осы жылдың аяғына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Содан кейін кешенді тексеру, іске қосу жұмыстары келесі жылдың мамыр айына дейін жүргізіледі. Жаңадан салынатын Кендірлі ауылына су беру үшін біз 4-құдықтан арнайы орын қалдырып қойдық», - дейді зауыт құрылысына тапсырыс беруші компанияның өкілі Орақ Аяпов.

Бұған дейін Ақтауда 1200 орындық екі бірдей мектептің қолданысқа берілгенін жазған болатынбыз.