Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Оның айтуынша, орманға, саябаққа және басқа да табиғи жерлерге барғанда денені толық жабатын киім киген дұрыс. Ұзын жеңді жейденің жеңі білекте түймеленіп, жейде шалбардың ішіне салынады, ал шалбар шұлықтың немесе етіктің қонышына кіргізіледі. Бас пен мойынды орамалмен, капюшонмен немесе жағасы биік киіммен жауып жүрген жөн.
Сондай-ақ кенеден қорғайтын арнайы құралдарды қолданып, киім мен дененің ашық жерлерін жиі қарап тұрған дұрыс.
— Егер кене денеге жабысып қалса, оны өзіңіз алуға тырыспай, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгініңіз. Бұл кенені қауіпсіз алып тастауға әрі қажет болса шұғыл профилактиканы дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді. Ал кене шаққаннан кейін дене қызуы көтерілсе, бас ауырса, әлсіздік сезілсе немесе басқа да жайсыз белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралып, міндетті түрде кене шаққанын айтыңыз, — деді Сархат Бейсенова.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда кене шаққан 13 мыңнан астам адамның медициналық көмекке жүгінгені туралы жазған едік.