Аталған іс-шараға қаза болған жауынгерлердің туыстары, Ауған соғысының ардагерлері, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ресми тұлғалар, қаладағы орта және жоғары оқу орындарының оқушылары мен әскери бөлімшелердің өкілдері шақырылды.
Міне, Ауғанстаннан Кеңес әскерлері шығарылған күннен бері 25 жыл өтті. Осы айтулы күнге орай, 15 ақпанда Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ қаза болған және дүниеден өткен жауынгерлер мен офицерлерді мәңгі есте қалдыру мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізеді. Дәстүр бойынша бұл күні Ауған соғысының жауынгерлері, қаза болғандардың ата-аналары, достары, жақындары орталық мешітке және православ шіркеуіне барады. Сондай-ақ, сағат 12.00-де Қ.Мұңайтпасов және Абылайхан даңғылының қиылысындағы Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған республикалық мемориалда да шаралар ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін он жылға жуық уақыт бойы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің 40-шы әскерінің жауынгерлері Ауған аумағында интернационалдық борыштарын өтеді. Бұл соғыста 600 мыңнан астам сарбаз бен офицер өздерінің әскери міндетін адал атқарды. Әскер құрамында болған 22 269 қазақстандық қанды қырғынға қатысты, соның ішінде 924-і қаза тапса, 1015-сі елге мүгедек болып оралған. Ал 21 адам хабар-ошарсыз кеткен.