Кеңес Дүйсекеев атындағы байқау халықаралық деңгейде өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Композитор Кеңес Дүйсекеевтің құрметіне арналған әншілердің республикалық байқау халықаралық деңгейге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қызылордада Кеңес Дүйсекеев атындағы дәстүрге айналған «Туған жер» атты әншілердің республикалық байқауының гала-концерті өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сайыс жеңімпаздарын құттықтап, туған жерге ән арнаған композитор К.Дүйсекеевке алғыс білдірді. Аймақ басшысы келесі байқаудан бастап өнер бәйгесі халықаралық деңгейде өтетінін жеткізді.

Байқаудың үшінші орнын Батыс Қазақстаннан келген Айбек Дәулетқали Алматы облысының өкілі Ақерке Құрбан және қостанайлық Тасқын Әжібай иеленді. Екінші орын атыраулық Мұратбек Жұмашев және қызылордалық Арайлым Маханбетжановаға бұйырды. Бірінші орынды қазылар алқасы Оңтүстік Қазақстаннан келген «Сарын» триосына берді, ал бас жүлдені  қызылордалық әнші Ринат Үсенов жеңіп алды.

Биылғы өнер бәйгесінде Кеңес Дүйсекеевтің Қызылорда қаласының 200 жылдығына арнаған Сыр елі» әнінің тұсауы кесіді.

Айта кетейік, Республикалық байқау 2008 жылдан бастап екі жылда бір мәрте тұрақты түрде өткізіліп келеді. Өнер бәйгесі биыл алтыншы мәрте өтті.

Авторы: Әділжан Үмбет