Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмаған қазақ жауынгерлері туралы кітап жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, саяси ғылымдардың докторы Берік Әбдіғалиұлы «Ұмытылған батырлар. Кеңес Одағының Батырлары» («Забытые герои. Герои Советского союза») атты жаңа кітапты таныстырды.

Кітап 10 батыр соның ішінде, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ түсініксіз жағдайларға байланысты атақты ала алмаған 9 қазақ жауынгері туралы жазылған. Құжаттар 2010 жылы Мемлекеттік тілді қолдау қорының ұйытқысымен басталған «Халық батыры» атты шара аясында жинақталды. Ресейдің Қорғаныс министрлігі мұрағаттарынан табылған бірегей құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарыққа шығып отыр.

«Жинақта айтылып отырған батырлар туралы олардың туыстарынан басқа ешкім де білмейді. Олардың есімдері көше, мектеп атауларына берілген жоқ. Соғыста бірге болған майдандас жауынгерлері мойындаған олардың қайсарлығы, штабтық немесе партиялық басшылық тарапынан еленбеді. Тарихи әділдік үшін олардың есімдерін қайта жаңғырту керек», - дейді Б.Әбдіғалиұлы.

Кітапта ұсынылған фактілер шынымен оқырман назарын өзіне аударары сөзсіз. Олардың көзсіз батырлығы таңқалдырмай қоймайды. Мысалы, Маңғыстау өңірінің тумасы Исатай Сүйебайдың марапат парағында 1942 жылы 20 қарашада ол автоматпен 182 фашистті жер жастандырды деп жазылған.

Оның үстіне оғы таусылған Исатай танкистер беріп отырған гранаталармен тағы 100-ге тарта немістің көзін жояды. Осы оқиғадан кейін жеке құрам басшылығы оны Кеңес Одағының Батыры атағына бірден ұсынады. Алайда, жоғары жақтан оған тек Ленин ордені табысталады.

Қалған жауынгерлердің батырлығы бұдан кем емес. Кітапта 10 жауынгердің ерлігі суреттеледі. Бірақ оның біреуі Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылмаған. Дегенмен, оның соғыста көрсеткен жетістктері қазір де аңыз болып қалды. Ол - Төлеуғали Әбдібеков. Жаудың қалың қолы одан қатты үркетін және «Қара тажал» («Черная смерть») деп атап кетті. Әбдібеков Кеңес одағының ең нәтижелі снайперлерінің 20-лығына енді. Оның оғынан 397 фашист қаза болды. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылмаудың басты себебі - Әбдібеков өзінің анкетасында немере ағасы Кемелбайдың репрессияға ұшырағанын ашық жазғаны болды. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, кітап қалың оқырманға арналады және барынша көп тиражбен шығады.