Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленген қазақстандықтар
Осы жылдары асыға күткен Жеңісті жақындатуға қазақстандық қаһармандар зор үлес қосты. Соғыс жылдарында 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 4 даңқты жерлесіміз Батыр атағын екі мәрте иеленді. Бұл - Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский.
Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов. Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5 тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының өзен-көлі тасыған, емдік суы атқылаған Майбалық ауылында туған. 1942 жылы майданға аттанады. Көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы - Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады.
Беда Леонид Игнатьевич (16. 8.1920, Қостанай облысы Ұзынқол ауданы Новопокровка с. - 26.12.1976) - екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, авиация генерал-лейтенант (1972), ұшқыш-шабуылдаушы. КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш. 1942 жылдың тамыз айында майданға жіберілді. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 75-гвардиялың авиациялық шабуылдаушы полктің әскадрилья командирі 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерін шабуылдады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлыгымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (26.10.1944). Сол полктің (З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия) командирінің орынбасары бола жүріп, 105 әскери тапсырманы орындады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Бедаға екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (29.6.1945). Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Александр Невский, l-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Әскери қызметтегі міндетін орындау кезінде қаза тапты.
Павлов Иван Фомич- (25.6. 1922, Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы - 12.10.1950) - қазақстандық ұшқыш, майор (1948), 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры (4.2.1944 және 23.2.1945 жылдары). Соғысқа 1942 жылы желтоқсаннан қатысты. Ұшқыш, аға ұшқыш, звено командирі, авиаэскадрильяның командирі, штурмандар авиаполкінің штурманы болды. Калинин, Орталық, 1-Прибалтика майдандарында 200-ден аса әуе шабуылына қатысып, жеке өзі жаудың 3 ұшағын атып түсірді. Жауынгерлік міндетін атқару үстінде қазаға ұшырады. 2 рет Ленин, 2 мәрте Қызыл Ту, Александр Невский, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған. Павлов мүсіні Қостанай қаласында орнатылған.
Луганский Сергей Данилович (1.10.1918, Алматы қаласы - 1977, сонда) - қазақстандық ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры (2.9. 1943; 1.7.1944). 2-дүниежүзілік соғыс кезінде Луганский 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. 2 рет әуе таранын жасады. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО ҚК-нің әскери әуе күштері саласында әр түрлі жоғары басшылық қызметтерде болды.