Кенесары хан: шені мен шекпені қандай - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Елбасымыз «Нұрлы жол» бағдарламасын жариялағаннан кейін көп ұзамай арасына аз­ғантай уақыт салып, атқарушы биліктің алқалы жиынын екі мәрте өткізді, дер жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Жағдай Қазақстан үшін қолайлы" атты мақалада. Басылымның атап өтуінше, алғашқысында жаңа бағдарламаны жүзеге асы­рудың алғашқы жылындағы билік буындарының міндеттерін белгілеп берді. Бұл кезде әлемдік қор биржаларындағы жағдай біз үшін онша қолайсыз болған жоқ. Сондықтан да министрлер ештеңеге алаңдамай, жұмыс істеуге кірісті. Ал Ерболат Досаев болса «мұнай баррелі 40 доллар­ға түссе де, соған лайық жоспары­мыз дайын» деп сенімді бекіте түсті. Келе-келе, әлемдік қор биржа­ларындағы баға құбылысы бізден теріс айналғандай жағдай пайда болды. Мұнай баррелі 45 долларға жетіп қалды. Ресей Федерация­сында рубль екі еседен астамға құнсызданды. Біздің теңге де салмағын түсіре бастады. Осыны байқаған Елбасымыз атқарушы биліктің алқалы жиынын екінші рет шақырды. Мұнда дүниежү­зіндегі қаржы-экономикалық дағдарыстың тереңдей түсуіне байланысты не істеу керектігін министрлер мен әкімдерге нақтылап түсіндірді. Көп ұзамай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Елбасының тапсырмаларын орындаудың жоспарын бекітті. Бұл шақта әлемдік сауда алаңында жағдай тағы да өзгеріске ұшыраған. Мұнай баррелі 45 доллардан 56 долларға дейін тағы да жоғарылады. Сол жоғарылау өткен аптада 61 доллардан асқан межеге жетті. Бір еске салатын тұс, өндірістің металдар баға­сының да көмірсутектері бағасымен қатар өскендігі. Жаратушының өзі «сақтансаң сақтаймын» деген екен. Мұны атқарушы билікпен өткізген соңғы алқалы жиында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың өзі айтты. Жоғарыда айтылған сыртқы әсерлерден қорғанудың жалғыз-ақ жолы бар, ол - жастардың қолы бос уақытын болдырмайтындай адал еңбек ететін жұмыспен қамту саясатын пәрменді және нәтижелі жүргізу. Егер осы тұста олқылық жіберсек, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей жағдайға тап болуымыз мүмкін. Осы басылымда "Кенесары хан: шені мен шекпені қандай" деген мақала басылып отыр. Онда Кенесары хан туралы бір кітаптың сыртқы мұқабасына айбарлы ханның ақбоз ат мініп, орыс полковнигінің эполеті мен Георгиев лентасын таққан, басына қоқырайтып фуражке киген суретін салып қойғандығы айтылған. Патшалық Ресей басқыншылығына қарсы он жыл бойы ат үстінен түспей соғысқан, сол жолда алтын басын қиған, бүтін бір ұлттың беткеұстар ханы, ұлттық батыры Кенесары ханды орыс полковнигінше киіндіргендегі көздеген мақсат не?! - дейді автор. Базбір тарихшылардың Ке­не­са­ры хан полковник шенін алған, өзі орыс полковнигінің эполетін тақ­қан деп жазып жүргені рас. Оның анық-қанығын зерттеушілер ай­та жатар, бірақ біз қолымызға он­дай еш жерден деректі іліктіре ал­мадық. Рас, патша заманындағы орыс зерттеушісі Мейердің Ке­не­сары ханды «иығында «полковник эпо­леті» бар әдемі барқыт шапан ки­ген» деп суреттейтін жері бар. Бі­рақ лента таққан, фуражке киген деп тұрған жоқ. Полковник эпо­ле­тін тақса да, ханның үстіне киінгені қа­зақы барқыт шапан екенін айдан анық жазып отыр. Ханға жан дү­ниесімен қарсы болған Мейердің ал­дында «полковник эполетін» тақ­са, таққан да шығар, бірақ бұл оны хан үнемі үстінен тастамады де­ген сөз емес қой. Ендеше, жо­ға­рыдағыдай ханды орысша мұздай киін­діріп, оған қоса фуражке ки­гізіп, лента тақтырып қоюға бұл жаз­ба ешқандай негіз бола ал­май­ды, деген пікірін білдіреді мақала авторы Төреғали Тәшенов.

***

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламасы офисінің жетекшісі Н.Заруднамен кездесті, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа есік әрқашан ашық" атты мақаласында. Басылымның жазуынша, Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынты­мақ­тастық жоғары деңгейде екенін, оған еліміздің 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі дәлел болатынын атап өтті. Алдымыздағы жылдарда Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-мен ара­дағы ынтымақтастық бағыт­тарының бірі «Қауіпсіздік қоғам­дастығы жолында» деп аталатын Астана декларациясында бел­гіленген Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғам­дастығын құру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу болып табылады. Кездесу барысында ЕҚЫҰ бағ­дарламасының офисі өзінің ман­датына сәйкес Қазақстанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қауіпсіздіктің үш өлшемінде (әс­кери-саяси, экономикалық-эко­логиялық, гу­манитарлық) жү­зеге асыратыны айтылды. Сондай-ақ, аталған басылымда бүгін өтетін имамдар форумына байланысты "Имам - діннің айнасы" деген тақырыппен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ерлан қажы Малғажыұлының мақаласы беріліп отыр. Бас мүфтидің жазуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде тұңғыш рет «Ислам - бейбітшілік пен келісім» атты І республикалық имамдар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Діни саладағы тарихи іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - бірлік пен береке ұйытқысы - Исламның асыл құндылықтарын насихаттау, жас­тарымызды, жалпы жұртымызды имандылыққа, ізгілікке үндеу, бір шаңырақтың астында ұйым­шылдыққа ұйысқан ұлттар мен ұлыстардың татулығын нығайтуға үлес қосу. "Имамдар форумын ұйым­дастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі - дін қызмет­керлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Өйткені, бүгінгі заман талабы имам-молдаларға зор жауапкершілік жүктейді. Имамдық - жауапкершілігі мол маңызды қызмет", - дейді Бас мүфти. *** Тарихта "қазақ" сөзі бұрын болжанып келгеннен 500 жыл бұрын пайда болғаны белгілі болды деп жазады "Экспресс-К" газеті. Мұндай жаңалықты Сүлейменов атындағы шығыстану институтының қызметкері Ғалия Қамбарбекова Иранда "Тарихи монғол" атты көне қолжазбадан тауып алған. Басылымның атап өтуінше, сараптама жұмыстары "Тарихи монғол" жазбасы Алтын Орданың құрыла бастаған кезіне тұспа тұс келеді. Онда Х ғасырда, Шыңғысхан шапқыншылығынан бұрын қазақтың қыпшақ пен қаңлы тайпалары Баласағұн қаласына жиі жиі шабуыл жасап тұрғаны айтылады. Бұған дейін ғалымдар "қазақ" атауы Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрғаннан кейін ғана қалыптасты деп есептеп келді. Бұл мәселенің басын ашуға Иран, Үндістан мен Қытайдағы көне жазбалар көмектесетіні анық. Басылымның атап өтуінше, бұл жазба тағы бір маңыздылығымен ерекшеленеді. Яғни Алтын орданы кейін қазақ болып біріккен тайпалар емес, сол кездің өзінде қазақ деп аталған ұлт құраған болды ғой, дейді мақала авторы. Яғни бұл, Шыңғыс ханның ұлы Жошы мен немересі Бату қазақтардың ең алғашқы монархтары деген сөз.