Кеңестік кезеңді біржақты бағалауға болмайды – Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында кеңестік кезеңді біржақты талқылауға болмайтынын айтты.
- Бүгінде отандық тарих ғылымының, зиялыларымыздың алдында жан-жақты өркениеттік парадигма тұрғысында тарихымызды зерделеу міндеті тұр. Турасын айтар болсақ, осы уақытқа дейін Қазақстанның өткенін көптеген ғалым, қоғам қайраткерлері тарихи қайғы-қасірет тұрғысында қарайды. Бұл тарихымызды қабылдау аясын тарылтады. Біз кеңірек және жан-жақты ойлауымыз керек. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кеңестік кезең туралы біржақты талдау мен пайымдауға қарсы ескерту жасағым келеді. Меніңше, біз үшін ортақ тарихта әрине, күңгірт те, жарқын да кезең болды. Мұны жақсы түсіну керек. Әйтпесе, бізде қоғамдық-саяси дамудың теріс жолына түсіретін ағат түсініктердің тұтқынында болу қаупі бар, - деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өткенін жазған едік.