Кенгуру өздігінен жүретін көліктерге кедергі келтіруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Volvo компаниясының жүргізушісі жоқ өздігінен жүретін көліктерді басқару жүйесі жолдағы кенгуруды анықтай алмай жатыр, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Компанияның соңғы S90 және XC90 модельдерінде ірі жануарларды (Large Animal Detection System), жолдағы бұлан мен бұғыларды анықтауға қабілетті қадағалау жүйесі қолданылған, алайда компьютерді кенгурудың қозғалысы шатыстырып жатыр.

«Кенгуру секіргенде ол алыста секілді көрінеді, алайда жерге түскенде бірден жақында болып қалады», - деп түсіндірді компанияның аустралиялық бөлімшесінің техникалық директоры Дэвид Пикетт.

National Roads & Motorists' Association ірі аустралиялық автомобильшілер қауымдастығының дерегі бойынша, жануарларға қатысты жол апаттарының 80%-ы кенгурулардың үлесінде.

Volvo қауіпсіздік мамандары 2015 жылы кенгурудың қатысы бар жол апаттарын зерттеуге кірісті.

Алынған деректер автомобильге қауіпті қашықтықта жақындаған кенгуруларды уақтылы анықтауға қауқарлы радарлар мен камералар жүйесін жетілдіру үшін қолданылуда.