Онымен бірге кісі өлтіруге қатысы бар 29 сыбайласы да кінәлі деп танылды. Маккензиге қатысты үкім 6 қарашада жарияланады.
Сот отырысында айыпталушылардың барлығы ешкімді өлтірмегенін және өлімге мәжбүрлемегенін мәлімдеді. Алайда тергеу мен сот сектаның мүшелері адамдарды аштыққа ұшыратып қана қоймай, оларды тұншықтырып, ұрып-соғып өлтірген деген қорытындыға келді.
Үш жыл бұрын Үнді мұхитының жағалауына жақын орналасқан, секта лагері тігілген Шакахола орманынан 400-ден астам адамның мәйіті табылды. Осы оқиғадан кейін 2023 жылы Маккензи мен сектаның басқа да басшылары қамауға алынды. Оларға кісі өлтіруден бөлек, терроризм, ізбасарларын радикалдандыру және балаларды білім алу құқығынан айыру айыптары тағылды.
Маккензи өзі құрған «Ізгі хабардың халықаралық қызметі» атты евангелистік сектаны басқарған. Ол балаларды аштыққа ұшыратуға мәжбүрлеп, осылайша олардың «Исамен тезірек қауышатынына» сендірген. Сондай-ақ қазіргі білім беру жүйесі мен медицинаны зұлымдық деп уағыздаған.
Маккензидің сыбайластарының бірі оның ораза ұстау туралы нұсқауына қарсы шыққандарды «тепкі мен соққының көмегімен көкке жіберу керек» деп айтқанын жеткізді. Секта мүшелері орман ішіндегі таяз қабірлерге жерлеуді «Мәсіхпен некелесу» деп атаған.
Мәйіттерді қазып алып, сыртқа шығару үшін жергілікті 17 тұрғын жалданған. Олардың бірі Джеймс BBC тілшісіне әр қабірден кемінде үш адамның мәйіті табылғанын айтқан.
– Онда бірнеше апталық қана болған балалардың сүйектері жатты. Бір қабірден бірден 12 баланың мәйітін таптық, – деп еске алды ол.
Найробиде бұрын такси жүргізушісі болған Пол Маккензи сектаны 2003 жылы құрған. 16 жыл ішінде оның мыңдаған ізбасары пайда болып, Кенияның әр өңірінде бөлімшелері ашылған. Сонымен қатар Малинди қаласынан хабар тарататын Times TV атты жеке телеарнасы болған. Онда Маккензидің уағыздары көрсетілген.
2019 жылы ол сектаның негізгі бөлімшесін жауып, ізбасарларымен бірге Малинди қаласынан шамамен 70 шақырым қашықтықтағы Шакахола орманына көшкен.
Келесі төрт жыл ішінде сол жерде қаза тапқандардың көпшілігінің кім екені әлі күнге дейін анықталған жоқ. Олардың мәйіттері қатты шіріп кеткен. Сот құжаттарында марқұмдар, мысалы, «жынысы ер бала, жеке басы анықталмаған» деген сипаттамамен, қабірдің координаттары және табылған күні көрсетіліп тіркелген.
Соған қарамастан, кейбір ізбасарлары Маккензиге әлі де сенеді. Кениялық жас жігіт Питер Шукрани Шакахола орманында өлім аузынан қалған. Анасы сектаның уағызына сеніп, оның дәрілерін Құдайға қарсы зұлымдық деп санап, лақтырып тастаған. Жігітті орманнан зембілмен алып шығып, ауруханада бірнеше апта емдеген.
Алайда осы оқиғадан кейін де ол Маккензиді өзіне қамқорлық жасаған жақсы адам деп санайды.
– Маккензи ешкімді ораза ұстауға мәжбүрлеген жоқ. Адамдар сенгендіктен, мұндай шешімді өздері қабылдады. Мен оны бәрібір жақсы көремін және ол әлі де менің рухани жетекшім, – деді Шукрани сот үкімі жарияланар алдында журналистерге.
Айта кетейік, бұған дейін 2023 жылы Кенияда аштықтан көз жұмған сектанттар саны 372 адамға жеткенін жазған едік. Олар Құдаймен кездесу үшін ашығып өлген.