Кенияда тікұшақ апатынан 7 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Кенияның Ололокве тауында тікұшақ апатқа ұшырап, 7 адам көз жұмды. Олардың алтауы турист, біреуі ұшқыш. Апаттан ешкім аман қалған жоқ. Бұл ақпаратты Кения билігі растады, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: afrinz.ru

Полицияның мәліметінше, Eurocopter EC130 B4 тікұшағы (тіркеу нөмірі — 5Y-GYM) жергілікті уақыт бойынша сағат 09:13 шамасында Самбуру округіндегі Ололокве тауында құлаған. 

— Апат салдарынан барлық жолаушы қаза тапты, — деп мәлімдеді полиция.

Көз жұмғандардың арасында Эквадордың Стратегиялық барлау орталығының бас директоры Микель Сенси-Контуги де болған. Эквадор президентінің әкімшілігі X әлеуметтік желісінде Сенси-Контуги мен оның жұбайы, дизайнер әрі кәсіпкер Стефани Холлиханның қаза болғанын растады.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жеңіл әуе кемесін Lady Lori чартерлік компаниясы пайдаланған. Тікұшақ Лайкипия округіндегі Соян ранчосынан Кенияның орталық бөлігіндегі Лойсаба қорығына бағыт алған.

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Жергілікті авиация органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу бастады.

Айта кетейік, Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ әуеде соқтығысты.