Кеннеди әулетінің патриархы қайтыс болды

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - 78 жасында Джон Кеннедидің інісі сенатор Эдвард Кеннедидің қайтыс болғанын оның отбасы мәлім етті. Сенатор өлімінің дәл себептері әзірге айтылмайды, алайда оның 2003 жылдан бері миындағы қатерлі ісіктен зардап шеккені белгілі,

деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК сайтына сілтеме жасап.

2008 жылы мамырда Э.Кеннедиге операция жасалды. Операция сәтті өткенімен, оның құлан-таза айығып кетуінен үміт болған жоқ. 2009 жылғы қаңтардың 20-сында өткен АҚШ-тың 44-інші президенті Барак Обаманы ұлықтау салтанатында Кеннеди есінен танып құлаған еді. Ол кезде сенатор тез-ақ ес жиған болатын, ал талып құлау себебі шаршағандықтан деп аталды.

Эдвард Мур Кеннеди 1932 жылғы ақпанның 22-сінде туды. Атақты американдық саясаткер АҚШ-тың өлтірілген президенті Джон Кеннедидің көзі тірі жалғыз бауыры болатын.

Жарты ай бұрын, 2009 жылғы тамыздың 11-інде Джон Кеннедидің қарындасы Юнис Кеннеди Шрайвер қайтыс болған еді.