Басылымның мәліметінше, аукцион 28 қыркүйекте өтеді. Видеода Парклэнд ауруханасына қарай асығып келе жатқан кортежді көруге болады. Оның авторы Даллас қаласы тұрғыны (Техас штаты) Дейл Карпентер еді. Ол қайтыс болғаннан кейін бейне немересі Джеймс Гейтске қалдырылған.
«Пленка пластик сүт қорапшасында сақталды. Ол менің шкафымда бірнеше жыл тұрды», – дейді Гейтс.
RR Auctions атқарушы вице-президенті Бобби Ливингстонның айтуынша, бұл кадрларда «Запрудер фильмінде» түсірілген оқиғалардан кейінгі сәттер бейнеленген.
Айта кетейік, Кеннедиге жасалған қастандық туралы 26 секундтық видео АҚШ-та «Запрудер фильмі» деген атпен танымал, себебі оны көпшілік арасында кинокамерамен болған Авраам Запрудер түсірген. Бұл 486 кадрлық фильм бұрынғы президенттің өлімін бейнелейді.
Америка Құрама Штаттарының 35-ші президенті Кеннедиге 1963 жылы 22 қарашада Техасқа сайлауалды сапары кезінде Далласта қастандық жасалды. Қылмыстан кейін құрылған ресми комиссия бұл Ли Харви Освальдтың ісі деген қорытындыға келген. Комиссия қорытындысына сәйкес, оқ Далластың орталық алаңында орналасқан мектеп оқулықтары қоймасының алтыншы қабатынан атылған. Ол жерден телескоптық көздеуіші бар мылтық пен пайдаланылған патрондар табылған.