«Кеңсайда» қабірлерді қиратқан қылмыстық топ қолға түсті

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаскүнемдер «Кеңсай» зиратындағы қабірлердің бірінде орнатылған ескерткіш пен шойын қоршауды қиратқан. Қылмыстық жоспарын іске асыру үшін ер адамдар өздерімен бірге арқан ала барып, мүсінді көлікпен тартып құлатқан.

«Медеу аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімінің тергеу-жедел тобының анықтауынша, күдіктілер зират аумағына «БМВ» маркалы көлікпен кірген. Одан кейін арқанмен мыстан жасалған ескерткіш мүсінді жұлып алып, қабірдің шойын қоршауын сындырды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілердің бірін ізін суытпай ұстады. Қылмысты жасаған тағы екі адамның есімдері белгілі болды, қазіргі кезде оларды ұстау бойынша шаралар қолданылуда. Қазіргі кезде тергеу аталған қылмыстық топқа кем дегенде осыған ұқсас төрт қылмысқа қатысы бар деп айып тағып отыр, жедел қызметкерлер олардың іс-әрекеттерін соңғы екі апта бойы бақылап келген. Арнайы талдау мен өткізілген жедел шаралар тыңшыларға қаскүнемдердің ізіне шығуға мүмкіндік берді», - деп ақпараттандырды Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек.

ІІД-ден, сондай-ақ, соңғы уақытта зираттарда вандализм фактілері жиілеп кеткенін хабарлады. Осыған байланысты криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын арнайы жедел топтар құрылған.

«Ұсталған 27 жастағы алматылық азамат осындай ескерткіштерді шығарумен айналысатыны анықталды. Алайда, оның бұл жұмысы маусымдық болып шықты: қазіргі кезде ол жұмыссыз. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қылмыстарға қатысы бар тағы екі адамның тұлғалары олар ұсталған соң жарияланады. ҚР ҚК-нің 188-бабымен қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде», - деп мәлімдеді майор С.Әзірбек.

Соңғы жаңалықтар