Кеңсе қызметкерлері жаттығу жасайтын жаңа челлендж басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жұмысқа қабілеті төмендегенде дене шынықтыру үзілісін өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық ұжымдық жаттығу жасау арқылы жұмыс орны мен жиналыстарда қозғалысты арттыруға болатынын жеткізді.

Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде қатысушылар салауатты үзілісті көрсеткен болатын.

«Жұмыста қозғалыссыз отыру бірқатар созылмалы инфекциялық емес аурулардың (СИЕА), оның ішінде атеросклероз, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, семіздік қаупіне әкеп соғады. Жұмыс орнында үзіліс жасау өте маңызды, жаттығуға шамамен 5 минут уақыт бөлу керек», - делінген хабарламада.

Осыған байланысты, Қоғамлық денсаулық сақтау ұлттық орталығы #Салауаттыүзіліс #Здоровыйперерыв #Healthybreak челленджін бастайды және барша халықты науқанға қатысуға шақырады.

Дене шынықтыру үзілісін жұмыс басталған соң 2 - 2,5 сағаттан кейін, жұмыс соңынан 1 - 1,5 сағат бұрын және шаршай бастағанда, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуінің алғашқы белгілері пайда болғанда жүргізу ұсынылып отыр.

Орталықтың хабарлауынша, тұрақты физикалық жаттығулар шаршаудың, ақыл-ой қажуының төмендеуіне мүмкіндік береді, бұлшық ет тонусын, жұмыс қабілетін (қабылдау, есте сақтау, зейін қою, ойлау) арттыруға, физикалық және психикалық саулықты сақтауға оң әсер етеді.