Кеңсе тілі мен қарапайым жұрттың тілі мүлде бөлек – Назгүл Қожабек
АСТАНА. KAZINFORM – Кейде екі қазақ қазақ тілінде сөйлесе тұра, бір-бірін түсінбей жатады. Оның себебі неде? Бұл сауалға «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы, аудармашы, филолог Назгүл Қожабек Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкасында жауап берді.
- Қазақ тілінде диалект жоқ деп үйреткен ұстаздарымыз, яғни түбегейлі ерекшеленетін диалектілері жоқ, тек жергілікті ерекшеліктері бар. Қазір біздің бір-бірімізді түсінбей жатқанымыз, өңірлерге қарай емес, қызмет саласына қатысты. Мысалы, әкімдік қызметкерлерінің тілі, яғни кеңсе тілі қарапайым жұрттың тілінен, сот, медицина тілі мүлде бөлек. Сол тілді жасап отырған менің әріптестерім, бір-бірін түсінбейтін етіп қалыптастырып отыр, - деді Назгүл Қожабек әңгіме барысында.
Маманның мәлімдеуінше, бірегей стандарт жоқ. Әр аудармашы өз жауапкершілігін сезіну керек.
- Әр мекемеде бір-бірден аудармашы отырғаны – парадокс. Мысалы, бір сот отырысында әкімдік қызметкері, қарапайым адам мен судья үшеуі де қазақ тілінде сөйлейді бірақ, бір-бірін түсінбей жатады. Себебі судья сот тілімен, әкімдік қызметкері кеңсе тілімен, ал қарапайым адам жалпақ тілмен сөйлейді. Содан бәріне түсінікті болу үшін орыс тілінде сөйлейік деп шешеді. Компаниялардың мәтіндеріндегі қателерге қатысты үлкен парадокс, стереотип қалыптасып келе жатыр. Филологтардың «казаховед» деген сүйкімсіз сөзі бар. Кейде біз маман болған соң маңдайшалардағы жазуға сын айтамыз, компания иелеріне мынау дұрыс емес деп жазамыз, сол кезде «наш казаховед» дұрыс деп айтты дейді. Осы жерде казаховед аталып жүрген адамдардың жауапкершілігі бар, - дейді ол.
Айта кетсек, «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» ақпараттық жүйесін қалыптастыру қағидасы әзірленді.
Сондай-ақ, биыл күзде қазақ тілін тегін үйрететін жасанды зейін қосымшасы қолданысқа беріледі.
Еске салсақ, биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ тілінде түсірілген мультфильмдер көп болуы қажеттігін айтты.