Кентау қаласы Тәуелсіздік мерекесін жоғары деңгейде атап өтті

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласы Егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мерекелік шара қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өтті. Салтанатты жиында алғы сөзді алған ҚР Инвестиция және даму министрлігі, Көлік комитеті төрағасының орынбасары Нұркенов Қайриден Қамашұлы Кентау қаласы тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев "Осы егемендіктің арқасында бірлігі жарасқан, көпұлтты Кентауда да көптен күрделі саналып келген түйткілдердің түйіні шешіліп, арманға айналған бастамалар жүзеге аса бастады. Мұның барлығында жергілікті тұрғындардың, әсіресе, аға ұрпақтың өз қолдарымен тұрғызған қаласын жан-тәнімен сүйетіндігі, қиыншылықтарға сабырмен қарап, қайсарлық танытуы мен еңбекқорлығының, ынтымағының үлкен медет болғанын айта кету парызым",- деп жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, қаланың өсіп өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға "Қала жанашыры" деген төс белгілерін табыс етті.

Сонымен қатар әр салада қызмет жасайтын мамандар қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік шарада өнерлі жастардың патриоттық әндері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік шарада қонақта болған елімізге танымал әнші Қайрат Түнтеков жерлестерін мерекемен құттықтап, әсем әуенін тарту етті.