Кентауда ардагер металлургтерге арналған ескерткіш тақтайша ашылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Металлургтер мерекесі Кентау қаласында да жоғары деңгейде аталып өтті. «Кеншілер» аллеясында ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қаблан Елеусизов, «Ащысайтүстіметалл» комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы Жолшыбек Аккулов және ардагер металлургтер мен қала тұрғындары қатысты.
Металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Кентаудың тарихы, оның қалыптасуы мен дамуы металлургия өнеркәсібімен тығыз байланысты екендігін атап өтті.
«Кентау қаласының негізін қалаған «Ащысайтүстіметалл» комбинатының ардагерлері қаланың қалыптасуы жолында тәулік бойы тер төгіп, еңбек етті. Мұндағы аға ұрпақтың әлемді таңдандырған және ешбір ел жаңарта алмаған шапшаң бұрғылау жөніндегі рекорды тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалды. Бұл сол уақыттағы кенші-металлургтердің қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала бермек. Сондықтан да Кентау – қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы» аталады», - деді Жандос Тасов.
Кәсіби мерекемеге орай ардагер металлургтерге құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар берілді. Атап айтар болсақ, «Еңбек ардагері», «Құрметті кенші», «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» медалдары мен ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі және «Қазпрофметалл» тау-кен салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы, Түркістан облысы әкімінің грамотасы, Түркістан облыстық мәслихатының және қалалық мәслихат төрағасының алғыс хаттары табысталды.
Іс-шара барысында Кеншілер аллеясында ардагер металлургтер, Қазақ КСР Ленин комсомолы сыйлығының ғылым және техника саласындағы лауреаттары Ы.Ә.Төлтаев, А.В.Смирнов, Г.Б.Довгань, А.В.Корн және Д.Қалдыбайұлының есімдері жазылған ескерткіш тақтайша ашылды. Көпшілік еңбек адамдарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жиын ардагерлерге арналған дастарханға ұласты. Өмірден өткен металлургтер мен кеншілерге құран бағышталып, ас берілді.