Кентауда «Бір жұлдызы боламын мен де елімнің» атты қамқорлық акциясы өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қалалық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен №10 жалпы орта мектеп базасында мүмкіндігі шектеулі, үйде оқып тәрбиеленетін оқушыларға арналған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Бір жұлдызы боламын мен де елімнің» атты тақырыпта қамқорлық акциясы өтті.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.  Іс-шараның мақсаты үйде оқытып тәрбиеленетін оқушыларға қолдау жасау арқылы өзіндік танымға деген қызығушылықтарын арттыру, өмірге деген құлшыныстарын нығайту. Бүгінгі күн талабы бойынша ерекше оқытуды қажет ететін балаларды жан - жақты білімді, білікті ұрпақ етіп тәрбиелеу. Үйде оқып тәрбиеленетін оқушыларға, ата - аналарына психологиялық көмек көрсету қажеттігі де бар. Мұндай оқушыларды міндетті түрде психологиялық көмекпен демеп отырған абзал да міндетті іс  болуы қажет-ақ. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі балалар өзін қоғамның толық мүшесі ретінде санай алмай, іштей мүжілуі де әбден мүмкін. Сондықтан, әрқашан ынталандырып, барынша қатарға қосудың қамын жасау шарт.

 Айта кеткен жөн бұл қамқорлақ жасау акциясы барысында білім беру бөліміне қарасты жалпы 20 мектептен үйде оқып тәрбиеленетін 116 оқушы толықтай қамтылды. Оқушыларды құттықтау рәсіміне қала әкімінің орынбасары Р.Мыңбаев, мәслихат хатшысы Т.Балабиев, ақсақалдар төрағасы И.Жұмабаев, «Ғасыр» газетінің тілшісі Р.Атабекқызы келіп, өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.