Кентауда бұрын сотталған тұрғын 9 млн теңгенің алтынын ұрлап, тағы істі болды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Кентау қаласында 9 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды ұрлау дерегі ашылды.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын – шамамен 9 миллион теңге.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын және өзге де айғақтарды зерделеп, күдіктінің жеке басын анықтады.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту кезінде ұрланған мүліктің бір бөлігі мен өзге де заттай айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген облыстық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Түркістан облысында немересі әжесінің 3 млн теңгесі мен әшекейлерін ұрлап кеткенін жазған едік.