Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны көбеюі мүмкін – дәрігер

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны көбеюі мүмкін. Бұл туралы Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, қазір ауруханаға келмей, үйлерінде емделіп жатқан науқастар бар. Соларда алдағы уақытта дәрігерлердің көмегіне жүгінуі мүмкін. Сол себепті қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінен қосымша тағы 40 орын дайындалды.

«Науқастар чикен, пицца, суши жегенін айтуда. Барлығы 25-26 маусым күндері Кентау қаласындағы дәмханадан фаст-фуд өнімдерін жеген. Ішінде тапсырыспен үйлеріне алдыртқандар да бар. Олар дене қызуы жоғарылағанын, құсып, ішінің өткенін айтып шағымданған. Қазіргі таңда Кентау қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне 67 науқас жатқызылды. Оның ішінде 40 бала, 3 жүкті әйел бар. Барлығының жағдайы орташа дәрежедегі ауырылықта. 25 науқас амбулаториялық ем қабылдап жатыр»- деді Асылбек Утебаев.

Дәрігерлердің айтуынша, ертеңнен бастап жағдайлары жақсарған тұрғындарды ауруханадан шығару, әрмен қарай амбулаториялық емге жіберу жұмыстары жүргізілмек.

Айта кетейік, бұдан алдын Кентауда фаст-фудтан уланғандар саны 92-ге жеткенін жазған болатынбыз.