Кентауда қатты желдің салдарынан ғимарат шатырлары ұшып жатыр

Фото: Фото: Kazinform

Кентауда желдің ұйытқуы секундтына 25-30 метрге жетті, деп хабарлайды Kazinform.

Екі күннен бері Кентауда қатты жел соғып тұр. Салдарынан электр энергиясы сөніп, коммуналдық салада бірқатар проблемалар орын алды.

Атап айтар болсақ, кеше кешкісін қатты дауылдан жарық сөніп, көп қабатты тұрғын үйлерде жылу температурасы төмендеп кетті.

Сондай-ақ, ғимараттардың шатырлары ұшып, электр желілері үзілген. Жеке сектордағы үйлердің қақпалары мен қоршау қабырғалары құлаған.

«Желдің қатты соғуы салдарынан ғимараттардың шатырлары және тағы да басқа заттардың ұшуы, талдардың құлауы орын алуда. Қауіпсіздік ережелерін сақтап, көшеге қажеттіліксіз шықпауларыңызды сұраймыз!» - делінген Кентау қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Ал,«Қазгидромет» мамандары өңірдегі жел ертеңге дейін тоқтамайтындығын хабарлады.

«Таңертең ауа температурасы жылына бастайды. 16,17 желтоқсанда Түркістан өңірінде жаңбыр жауады деп күтіліп отыр», - делінген ақпаратта.

Қазір қаланың кейбір аумақтарында жарық әлі жанбады. Ал, жергілікті әкімдік коммуналдық саладағы туындаған мәселелерді қалпына келтіру бойынша тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, кеше түнде Кентаудағы жылу энерго орталық 10 минутқа өшіп қалғанын жазған болатынбыз.