Кентауда маньяк жүр және қоқыс жәшігінен мәйіт табылды деген ақпарат өтірік болып шықты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Полиция бейтаныс азаматтың қоңырауынан кейін Кентаудағы көпқабатты үйдің ауласын және маңайдағы қоқыс контейнерлерін тексерді.

Видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Кентау қаласында мәйіт табылғаны және қалада маньяк пайда болғаны туралы аудиохабарламалар мен бейнежазбалар тарады. Сонымен қатар «102» нөміріне белгісіз азамат қоңырау шалып, Кентау қаласындағы Ясауи даңғылында орналасқан үйдің ауласындағы қоқыс контейнерінен адам денесі табылғанын хабарлаған.

Тергеу-жедел тобы толық құрамда дереу көрсетілген мекенжайға барған. Полиция қызметкерлері аумақты және қоқыс контейнерлерін тексерді. Алайда ақпарат расталмады. 

— Қазіргі уақытта хабарламаның қайдан тарағаны және оның таралу мән-жайлары анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес шешім қабылданады, — деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаменті.

Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге, жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Бұған дейін Семей тұрғыны «өрттен 18 адам қаза тапты» деген жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланғанын жазған едік.