ОҚО ТЖД хабарлағандай, 13 маусымда сағат таңертеңгі төртте көп қабатты үйді жалын шарпыды. Тілсіз жау тек сағат таңғы алтыда ауыздықталды. «Өрт салдарынан 4 адам жансақтау бөліміне түсті, бір адам хирургиялық бөлімге жатқызылды, 16 адам медициналық көмек алып үйлеріне қайтты», - деп хабарлады ОҚО ТЖД.
Зардап шеккендердің ішінде 12 бала бар екенін атап өткен жөн. 5 және 3 жастағы екі бала аздаған күйіктермен палатада жатыр. Ал дәрігерлер бірнеше тәуліктен бері екі адамның өмірін ажалдан аман алып қалу үшін күресуде. 67 жастағы әйел мен оның 8 жастағы немересі күйік шалып қана қоймай, иіс тиген. Екеуі де ес-түссіз жатыр, деп хабарлады Кентау қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері.
Құтқарушылар тілсіз жаумен 2,5 сағат алысты. Оған 41 құтқарушы, АІІД 100 қызметкері жұмылдырылды, 6 жедел жәрдем бригадасы әзір тұрды. Үш пәтерден тып-типыл өртеніп кетті. Жалын 129 шаршы метрді қамтыды.
Кентау әкімдігі пәтерлерді жөндеуге көмек беріп, демеушілерді тартуға уәде берді. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде. Жалынның тұтану себептері анықталуда. Алдын ала деректер бойынша өрт 3 қабаттан басталған.