Кентауда жыл басынан бері 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Кентау қаласы тұрғындарының «Бастау Бизнес» жобасына қызығушылығы жыл санап артып келеді.

Фото: freepik.com

Биыл жоба аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылды, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификат алды. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін биылғы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант берілді. Қайтарымсыз қаржы ұтып алған жанның бірі Кентау қаласының тұрғыны Сымбат Анарбаева аналар мен балаларға массаж жасайтын орталық ашты. Негізінде кәсіпкер ана бұл бизнесін 5 жыл бұрын бастаған. Алайда қажетті құралдары болмағандықтан қызмет көрсету бағыты да аз болған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант иегері кәсібін ұлғайтып отыр.

«Өмірдің сынақтарына сабырлықпен төзіп, оған күлімдеп қарасаң, өмірдің тамаша сәттері өте көп болады. Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды», – дейді кәсіпкер.

Бүгінде орталықта дисплазиядан арылуға, бұлшық ет кернеуін жеңілдетуге, жалпы денсаулықты нығайтуға, ұйқышылдықтан, апатиядан арылуға арналған массаж түрлері жасалады. Ал көпбалалы ана Раушан Жартыбаева тігін цехын ашып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. 

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алдым. Грант қаржысына керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, перденің түр-түрін заманауи үлгіде тігіп, кәсіп бастап отырмын», - дейді ол. 

Грант алып, кәсіп бастаған кентаулықтың бірі – Бекзат Джумабаев. Бүгінде ол тұрмыстық жиһаздарды жасайды. Таза еңбектің арқасында айына 700 000 теңгеден астам қаражат тауып отыр. 

«Тәжірибенің арқасында тұрғындардың талғамы мен сұранысына сай сапалы кеңсе және тұрмыстық жиһаздар жасаудамын. Шағын цехта 2 адам жұмыс істейді. Бағаларымыз да қымбат емес, халыққа қолжетімді. Кентау мен Түркістан қалаларының тұрғындарынан тапсырыс қабылдап жатырмыз», - дейді кәсіпкер. 

Жалпы Кентау қаласында биылғы жылдың 9 айында 2217 адам жұмыспен қамтылған. Оның 911-і тұрақты жұмысқа орналасса, 1306 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының 148-і әлеуметтік жұмыс орындарында, 304 азамат жастар практикасында, 659 адам қоғамдық жұмыстарда тер төгіп жүр. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 90 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 105 адам жұмыспен қамтылды. Жеке бастамалар аясында «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орны» бойынша 755 жаңа жұмыс орыны ашылды.