Кентаудағы кәсіпорын алты айда 100 млн. теңгенің өнімін шығарды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласында бүгінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Бизнес өкілдері жеңілдетілген несие мен грантқа қол жеткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сондай-ақ, ауданда Индустриялды аймақ құрылып, онда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осындай кәсіпорынның бірін өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру жұмыстарының бірінші жартыжылдықтағы қорытындысына арналған жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосқан болатын.
 

«ЮгЭлектроПривод» зауыты жыл басынан бері қарқынды жұмыс істеп, 96,9 млн. теңгенің өнімін шығарды. Кәсіпорында 3264 дана трансформаторларға жабдықтаушы құрал-жабдықтар, өшіргіштер шығарылып, саудаланды.

Айта кетейік, аталған зауытта еліміз бойынша аналогы жоқ, трансформаторлар үшін жаңа өнім түрлерін (вакуумды ажыратқыштар) шығару өндірісі жолға қойылған. Зауыт құрылысына 828 млн.теңге инвестиция тартылып, қосымша 50 жұмыс орны ашылған.

Жобаны іске асыруда мемлекет тарапынан индустриялды аймақ аумағынан жер телімі бөлініп, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша банктік несиенің пайыздық мөлшерлемесіне субсидия берілді. Қазіргі кезде кәсіпорын трансформаторлар өндірісі үшін құрастырушыларды (комплектующие) шығаруда.