Кентаудағы қоқыстардан ресейліктер мата шығарады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласынан шығатын қоқыстар өңделіп, Ресейге экспортталуда. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта 1 сағатта 300-500 келі, 1 айда 80-100 тонна қоқыс өңделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жобалық  құны  100 млн теңгені құрайтын зауыт  жыл сайын 800 мың тонна  тұрмыстық  қатты  қалдықты қайта өңдеуге  қауқарлы.  Дайын болған қалдықтар негізінен Ресейдің Мәскеу, Самара, Челябі және Екатеринбор қалаларына экспортталады. Ол жақта пластикалық ыдыстардың қалдықтарын қайта өңдеу арқылы тағы  пластикалық ыдыстар мен мата шығарылады екен. Бүгінде кәсіпорынға  қажетті  тұрмыстық  қатты   қалдық Оңтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен және Қызылорда облысынан  жеткізіледі.