Кепілдік беру қоры құрылыс салушыларға жерді жалға алуға көмектеспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры құрылыс жобалары үшін жер телімдерін жалға алу мерзімін арттыру бойынша құжаттарды қарастыру процесіне жағдай жасамақ. Бұл туралы елордада үлестік құрылыс бойынша консультативтік кеңес отырыс барысында тілшілерге аталған Қор басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Жұматаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін талқыланатын мәселенің бірі құрылысқа жер телімін алуға қатысты болады. Қазіргі кезде Қордың кепілдігін алу үшін жер теліміне ие болу керек, яғни меншік иесі немесе ұзақ мерзімді жалға алу құқығы бойынша жері болуы қажет. Жер кодексі аясында қысқа мерзімді жалға алу құқығындағы жер учаскесін кепілге ұсынуға тыйым салынған», - деп түсіндірді Жұматаева.

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар жер телімдерін қысқа мерзімді жалға алуға береді.

«Осы тұрғыда бізге жерді пайдалану құқығы мерзімін ұзарту үшін жергілікті атқару органдарына  жолығу керек. Бізде Астана мен Алматы әкімдіктерімен бекітілген  тиісті меморандумдар бар. Атап айтқанда, біз жалға алу мерзімін арттыру бойынша құжаттарды қарастыру процесін жылдамдатуға жағдай жасамақпыз»,- деді А. Жұматаева.

Оның атап өтуінше, басты мақсат - Қор кепілдігін алу үшін өңірлерді барынша көптеп тарту.

«Өздеріңіз білесіздер, Қор кепілдігі үлескер өзінің пәтеріне міндетті түрде қол жеткізу үшін жағдай жасауға негізделген. Яғни, құрылыс салушының мүмкіндігі сарқылса, тұрғын үй құрылысы тұралап қалмайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығын Қор өз мойнына алады. Бүгінде өңірлерде бізге өтінім жасап жатқан бірнеше жобаларды қарастырып жатырмыз», - деді Жұматаева.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылғы 10 қазанда «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң қабылданып, осы күннен бастап Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры өз қызметін бастады.

Кепілдік беру туралы шартқа қол қою үшін құрылыс салушылардың барлығы сәйкес келген жоқ. Кейбір компаниялар қажетті құжаттаманы тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмады. Енді біреулері құрылыс салушылардың кепілдік жарнаның жоғары мөлшерлемесін атап өтті. Дегенмен, бір жыл ішінде Кепілдік беру қоры екі қаладағы салынып жатқан үйлер бойынша екі кепілдікті берді. Бұл Астана қаласындағы «Миллениум парк» тұрғын үй кешенінің бір секциясы мен Алматы қаласындағы «Легенда» тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңі.  Осылайша, Қор кепілдігі - осы тұрғын үйлерден үлес сатып алуға ниет білдірген азаматтарға қандай жағдай болмасын пәтерлерінің кілтін алуды қамтамасыз етеді.