Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.
Оның айтуынша, тергеу судьясы прокурорлармен бірге Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қадағалайды. «Ол үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың қаншалықты заңды екендігін тексереді. Сондай-ақ, тергеу судьясы ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзаттың көлемін анықтай алады. Ал кепілзат жасалған бойда тергеу оқшаулағышының басшысы күдікті азаматты босатуы шарт. Ол үшін соттың қосымша шешімі керек емес», - дейді И.Меркель. Алайда адам өлімі, ұйымдасқан қылмыс және лаңкестікке қатысы бар азаматтардың кепілзаты қабылданбайды.
Бас прокурордың орынбасары атап көрсеткендей, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасы 2015 жылы күшіне енуі мүмкін.